Официальный сайт акимата Райымбекского района Алматинской области

  • Сенім телефоны
  • 8 (72779) 220-06
  • Телефон доверия
МЕНЮМЕНЮ
Баспана кілті табысталды

Баспана кілті табысталды

Ауданымыз күн өткен сайын көркейіп келеді. Жаңа құрылыстар түсіп, көшелер тегістеліп, ғимараттар қалпына келтіріле бастады. Сондай жақсылықтың бірі Қазақстан  Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында орын алды.

Аудан орталығындағы құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет пен спорт, денсаулық сақтау орындарында қырауар жұмыстар атқарылып жатыр. Сол жұмыстардың жарқын көрінісі ретінде мерекеде 20 тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Байқоңыр» ЖШС бастамасымен салынып біткен құрылысқа барлығы 172 610 408,32 ( бір жүз жетпіс екі миллион, алты жүз он мың, төрт жүз сегіз теңге) инженерлік коммуникациялық желілеріне жұмсалса, 215 831 994,56 (екі жүз он бес миллион, сегіз жүз отыз бір мың, тоғыз жүз тоқсан төрт теңге) тұрғын үй құрылысына салынды. Қазіргі жағдайға ыңғайластырып тұрғызылған баспаналардың екі бөлмесі, ішкі-сыртқы дәретханасы, жеке жуыну орны мен шағын пеші бар. Үйдің сыртында қоршауы мен  кір су мен қалдықты төгетін орындары да ойластыра салынған.

Алдымен көптен күткен ауылдық тұрғын үйімен біріктірілген полиция пунктінің лентасы қиылды. Аудан бойынша барлығы жаңа салынған 8 учаскелік пункт ел тыныштығы үшін қызмет жасайтын болады. Аудан әкімі Жолан Омаров салтанатты шараға жиналған қонақтарды мерекемен құттықтап, полиция қызметкерлерінің ісіне табыс тіледі.

– Ауданда жасалып жатқан жақсылықтың  мереке аясында орын алып отырғаны көңіл қуантады. Полицияға жасалған жағдай – елге  жасалған жағдай. Таза, мәдениетті аудан қалыптастырумен қатар, тәртіпті қоғам құру да назардан  қалған емес,– деді өз сөзінде аудан прокуроры Шәміл Құтелов.

Райымбек бабаның атындағы ауданның мәртебесі күннен-күнге артып келеді. Ырысы шалқып, берекесі таси түскен Нарынқол төрінде бой көтерген жиырма тұрғын үй соның жемесі десек жарасар. Жиырма бір жылдан кейін қайта түлеген ауданымыз мәртебелі тұғырына қонғаны үшін Елбасыға халықтың айтар алғысы шексіз. Оны бүгінгі мерекеде мерейленген жандардың жүзінен анық аңғардық.

–Үйлі болып жатқан мемлекеттік мекеме қызметкерлері! Баспаналарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының  қолдауымен  ауданымыз кезең келбетімен жаңарып, жасарып келеді. Бұдан кейін де көркейіп, көріктене беретіні сөзсіз, – деді аудан басшысы.

Жағаталдың жағасынан бой көтерген 20 тұрғын үйден бөлек келер жылы 83 үйдің құрылысы қолға алынбақ. Бүгінде жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға берілді. Алдағы жылы аудан орталығында барлығы  107 үй бой көтереді.

С.Нұрбақытұлы, «Хантәңірі».

Закрыть меню