Официальный сайт акимата Райымбекского района Алматинской области

  • Сенім телефоны
  • 8 (72779) 220-06
  • Телефон доверия
МЕНЮМЕНЮ
«Денсаулық фестивалі – 2019»

«Денсаулық фестивалі – 2019»

Ақбұлақтағы айтулы күн
Көпшіліктің көңілін көркейтті

Ақпан айының алғашқы жексенбісі жанды жадыратар жайдарлы күн болды. Олай деуіміздің себебі де бар. Жиырма бір жылдан кейін аудан мәртебесін қайта алған ауданымызда мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында «Денсаулық фестивалі -2019» атты қысқы ойындардан жарыс өтті.
Денсаулық фестивалін өткізудегі басты мақсаты – қысқы спорт түрлерін және салауатты өмір салтын көпшілікке насихаттау, жанкүйерлік рухты нығайту, отаншылдықты дамыту жолында жасөспірімдер мен ересек азаматтарды біріктіру.
Айтулы жексенбінің таңы атысымен тауды бетке алдық. Болатын іс-шарадан құлағдар болған халық та аяңдай басып, «Ақбұлақ» жазығына жиналып қалыпты. Фестивалді тамашалауға келген үлкенді- кішілі халықтың қарасы көп. Қыстың қызығына тоймай ойнап жүрген балалардың жүздерінен қуаныштың күлкісін көресің. Ерекше шаттыққа бөленген ересектердің де көңіл күйлері көтеріңкі екені әңгімелерінен байқалады. Бірі балаларын ойнатып, мәз болса, енді бірі көптен көрмеген жақындарымен шүйіркелесіп, ауданның жетістіктерін тілге тиек етуде.
Одан бөлек жарысқа қатысушы командалардың қызу дайындығы, жарыс өткізілетін алаңның безендірілуі ұйымдастырушылардың ерен еңбектерін ерекшелей түсті. Шұғылалы шуағын төккен күннің нұры жарысқа қатысушылардың да, тамашалауға жиналған көпшіл қауымның да көңілдерін көкке көтерді.
Мемлекетіміздің көк байрағы көтеріліп, ән ұранымыз асқақтата шырқалып, айтулы сайыс басталып та кетті. Жарыста аудандық мекемелер қызметкерлерінен іріктеліп, «Бірлік», «Алғырлар», «Ақбұлақ», «Көкбөрілер», «Райымбек қырандары» деген атаулармен бес команда жасақталды. Әр команда өз ұрандарын ұрандап, жыр жолдарымен суреттеп таныстырса, кейбірі әнмен әуелете сипаттап жатты. Одан кейінгі кезең командалардың өнерлерін тамашалау болды. «Алғырлар», «Ақбұлақ» , «Бірлік» командалары топтық биімен (флешмоб) ерекшеленіп рухты көтерсе, басқа топтар әуезді әндерін әуелете шырқады. Көптің көңілінен ерекше орын алған «Ақбұлақ» командасының сахналық көрінісі болды. Қазақ хандығының мәртебесін ұлықтап, кең байтақ елімізді жоңғарлардан азат етіп, бүгінгі ұрпағына мирас еткен батыр бабаларымыздың ерен ерліктерін әзілмен астарлай жеткізді. Сахналық көріністер халықтың езуіне күлкі үйірсе, ауылдық округ әкімдерінен құралған «Райымбек қырандары» командасының мүшелері Серік Шалов, Айыпжан Қаптағаев, Амангелді Шенебеков жартылай жалаңаш денелеріне суық су құйынып талайдың таңдайын қақтырды.
Сонымен қатар, арқан тарту, көздеп құлату, жылдамдыққа арналған сайыстар бойынша бақ сынап, әр команда әділ бағаларын алып жатты.
Сайыстың ер тартысты да қызықты кезеңі шаңғы жарысы болды. Әр топтан екі спортшыдан шығып, таудан төмен құлдиылдай сырғанап, мәре сызығына бірінші болып жету мақсаты көзделген айтулы сайыста «Алғырлар» тобының шаңғышылары Мырқасым Жақсылық пен Дамир Әділбаев үздік ойын нәтиежесін көрсетті.
Шаңғышылардың өнерін тамашалап жатқан уақытта әр команда қардан мүсін жасауға кірісті. Әр топ мүшелері өз қиалдарындағы ғажайып туындыларын қармен өрнектеп, қызу еңбектенуде еді.
Шаңғышылардың өнеріне тәнтті болған аудан әкімі Ж.Омаров бастаған әділқазы мүшелері сайыскерлердің жасаған мүсіндерін тамашалауға бет алды. «Бірлік» тобы түлкінің бейнесін жасаса, «Ақбұлақ» тобы алтын адам мен жастар жылына орай жастардың логотип белгісін қарға өрнектеген екен. «Алғырлар» таста жатқан барыстың мүсінін бейнелеп, сипаттама берсе, «Көкбөрілер» тобы әлемдегі жеті кереметтің бірі пирамиданың кескінін ұсынды. Көптің көңілінен шығып ерекше бағаға ие болған «Райымбек қырандары» командасының жасаған, кәзіргі таңда туризмді дамытудағы өзекті мәселе болып тұрған «Хантәңірі шыңы» мен «Мәрмәр қабырғасы» болды. Сондай-ақ, оған жететін жолдағы демалыс лагерлері мен тұмса табиғатты ақ қар бетіне түсіріп, тамаша суреттеп берді.
Әсерлі жарыс пен әдемі тартыстың нәтиежесі бойынша 1-орынға «Райымбек қырандары» тобы лайық деп танылып, арнайы кубокпен, сый-сияпатпен марапатталды. «Алғырлар» тобы 2-орын, «Ақбұлақ» тобы 3-орынға ие болып, арнайы алғыс хаттармен спорт бөлімінің дайындаған сыйлықтарын иеленді. Одан бөлек, үздік ойыншылар номинациясы бойынша Жанболат Сұлтанғазиев, Айыпжан Қаптағаев, Талғат Садырұлы, Қыдыр Дәулет сынды азаматтар оза шығып, алғыс хаттармен құрметтелді. Сонымен қатар, «Аққар аруы» номинациясына Гаухар Кеңесқызы, «Аққар сұлтаны» номинациясына Жанат Берікбай лайық болды.
Аудан әкімі Жолан Омаров жеңімпаздарды құттықтап, жарыс барысындағы ерекшеліктер мен өнерлерін бағалап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Жарыс соңы жастардың биіне ұласып, көңілді күннің көркін қыздыра түсті.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру. Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Қысқы демалыс фестивалі – 2019» жоғары деңгейде өткенін теріске шығара алмаймыз. Ауданымыздың әр түкпірінде өтіп жатқан спорттық шаралардың нәтиежесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық пен патриоттық сезімді оятуда аянбай еңбектеніп жатқан жастарымыздың жұмыстарына сәттілік тілей отырып, ауданымыздың абройын асқақтатар айбынды ұлдарымыз бен қылықты қыздарымызды қатары көбейсе екен дейміз.

Айнаш Әлдибекова,
Нарынқол ауылы.

Закрыть меню