Официальный сайт акимата Райымбекского района Алматинской области

  • Сенім телефоны
  • 8 (72779) 220-06
  • Телефон доверия
МЕНЮМЕНЮ
Келелі ойлар, келісті пікірлер айтылды

Келелі ойлар, келісті пікірлер айтылды

Қарасазда өткен Ауыл шаруашылығына қатысты семинардан

Өткен аптаның сенбісінде  Райымбек ауданы Қарасаз ауылында «Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру  және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында Кеген, Панфилов, Ұйғыр, және осы Райымбек аудандары қатысқан кең ауқымды семинар-кеңес өткізілді. Семинар- кеңесті Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров ашып, жүргізіп отырды.

–Құрметті көпшілік! Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаев: «Біз аграрлық елміз. Біздің ел экономикасының екі басым бағыты бар. Бұл- индустриялық және аграрлық салалар. Ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай болып қала береді де. Мен оған кәміл сенемін» деген болатын.  Міне, осы бағытта үкіметтен айырықша көңіл бөлініп, жүйелі жұмыстар да жолға қойылып отыр.

–Президентіміздің Ұлт жоспары – бес институциялық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамында агроөнеркәсіпке инновациялық технологияларды енгізуді міндеттеген  маңызды тапсырмасын көзі қарақты ел  ұмыта қойған жоқ болар. Бүгінгі семинар-кеңес аталған  бастамаларды ел-елде, жер-жерде қалай іске асыру керек, қалай дұрыс жолға қою керек деген түйіні көп сауалдарға  жауап іздейтін болады,–деп  сөзін бастаған аудан  әкімі, бүгінгі семинарға аталған төрт ауданның әкімдері, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен мамандар, облыстық, аудандық  мекеме, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, ардагер агрономдар мен  аудандағы шаруа қожалықтары  қатысып  отырғанынан  хабардар  етті.

Ауданда  ауыл шаруашылығына  қатысты  игі  шаралар  жаңаша  арнаға  бағыт  алып, заман  талабына  лайық  даму  үдерісіне  бетбұруы – қайта жаңғыру жолындағы игі бастамалар екені анық. Осыған  орай  бүгінгі  уақыт аудан өңіріндегі ауыл шаруашылығы бойынша келелі мәселелерді  кеңесіп отырып  шешуді  талап  етіп  отырғаны  шындық.

Бүгінгі  таңда  облыс  көлемінде  аграрлық сектор тұрақты, нәтижелі дамуда. Нақтылап  айтар  болсақ, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өндірісі орташа 3,1 пайызға өскен екен. Солай десек те, мемлекет басшысы алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін, сондай-ақ экспорттық әлеуетті кемінде 2,5 есеге көтеру міндетін қойды. Өткен жылы ауыл шаруашылығындағы бір жұмыскерге   шаққандағы еңбек өнімділігі облыс бойынша 1млн. 535 мың теңге болды. Бұл көрсеткіш Райымбек ауданында – 1млн. 147 мың, Панфилов ауданында – 1млн. 308 мың, Ұйғыр ауданында – 1млн.429 мың теңгені құрады. Яғни, аталмыш аудандарда еңбек өнімділігі басқа  өңірлерге қарағанда төмен.

Еңбек өнімділігін көтеруге – түсімділікті арттыру, өндірісті цифрландыру , «ақылды технология» жүйесін дамыту арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ол үшін ауыл шарушылығындағы  жоғары  сұрыпты  тұқым мәселесіне ерекше мән берген жөн.

Қазір шаруашылықтардан жоғары сұрыпты элиталық тұқымға сұраныс жиналып жатыр. Келешекте оны жеткізіп, шаруашылықтар арасында жаппай көбейту механизмі енгізіледі. Бір қуанарымыз, бұл іс біздің  Райымбек  ауданынан бастау алатыны.

Ауданымыз – картоптың отаны. Осы мақсатта аудан әкімі Жолан Омаров аталған өнімнің сортын жаңарту бастамасын дұрыс қолға алып отыр. Сөйтіп, жыл басынан Голландиядан жеткізілген 239 тонна элиталық «санте» сортын «Өркен» шаруа қожалығы мен басқа төрт шаруашылық бөліп алып, егуде. Аграрлық саланы техникалық жарақтандырып, машина паркінің энергия қуаттылығын көтеруге тиіспіз. Қолданыстағы тракторлардың 65%, комбайндар мен топырақ өңдеу машиналарының 56%, азық даярлау техникаларының 71% жиырма жыл пайдаланып келе жатқан активтер. Жанармай мен өнімділіктің  шығыны төменгі рентабельділікті  көрсетіп  отыр. Сондықтан техника паркін жаңартуды 5 пайыз деңгейіне жеткізу маңызды міндеттердің  бірі болып саналады. Дақылдардың түсімділігін арттыруда озық технологияны, оның ішінде тамшылатып суару әдісін қолдану аясын кеңейту кезек күттірмейтін  мәселе. Бұған мемлекет инвестициялық субсидиялау бағдарламасымен келген шығынды 30 пайызға өтеу арқылы жағдай жасауда.

Аталған аграрлық саладағы мәселелер мен қатар жоспарлы жұмыстарға кеңінен тоқталып өткен Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішев  ауданымыздағы аграрлық салаға  қатысты бірқатар тиімді жетістіктерді алға тартты. Оның ішінде жері «тәлімі егістіктен» тұратын Райымбек ауданы үшін ылғал сақтау технологиясын қолданысқа енгізіп, тиімді пайдалану – қазіргі қажеттілік екенін түсіндіріп өтті. Ылғал сақтау технологиясы топарақ құнарлығын арттырып қана қоймай,  астық өнімділігін 2-3 есеге ұлғайтып, шығын көлемін бес есеге дейін төмендетуге болатынына дәлелдер келтірді.

– Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге басымдық беріп, бірқатар тың шаруалар атқарылды. 2016-17  жылдары бөлінген 2,5 млрд. теңгеге 12 объектіге күрделі, 3-не ағымдағы жөндеу жүргізіліп, айналымға 4 мың гектарға суармалы жер қосылды. Биыл тағы 2,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. 13 объектіге күрделі және 15-не ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 27 объектінің жобалық-сметалық құжаты даярланады. – деді, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Ауыл шаруашылығына қатысты бұдан да басқа мәселелерді тілге тиек етті.

Мал шаруашылығында ет, сүт өндірісін кластерлік негізде дамыту, «смарт фермалар» қатарын көбейту арқылы саланы индустрияландыру  міндеті тұр. Етті мал шаруашылығында – сыйымдылығы 3000 бастан жоғары мал бордақылау алаңдары негізінде «ет кластерінің» жұмысы жүргізілу үстінде. Аталмыш жобалардың қуаттылығын толық қамту үшін –  мал басы мен өнімділігін арттыру қажеттігі туындайды. Ол үшін мал тұқымын асылдандыруға аса мән берілетін болады.

Бүгінгі таңда бордақылау объектілерінде малдың орташа сойыс салмағы 380 килограмм. Келешекте облыстық орташа көрсеткіші 470 келіге, ал ірі мал бордақылау алаңдарында 550 кг жеткізу жоспарда бар.

Етті мал шаруашылығын дамытудағы түпкілікті мақсат – ет экспортын қалыптастыру болып табылады. Ағымдағы жылы 2000 тонна сиыр етін сыртқа өткізу көзделіп отыр. Сүтті мал шарушылығына облыстық бюджеттен 500млн. теңге көлемінде қаражат қаралды. Оған «ҚазАгро» АҚ-ның қаржы ресурсын тартып, облыс бойынша 2000 басқа арналған заманауи отбасылық тауарлы – сүт фермасын құру жоспарда жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, қайта өңдеу саласын дамытпай, қосылған құнды көтермей бізге экпортты көтеріп, ішке еніп жатқан  импортқа тосқауыл қою қиын дейді мамандар. Сондықтан, алдағы жылдары тамақ өнеркәсібінің 9 бағытын дамытуға басымдық беріліп отыр. Олардың ішінде  ет, сүт, жүн, тері, майлы дақылдар, жүгері, жеміс-көкөніс, қант қызылшасы мен картопты тереңдете өңдеу кезек күттірмес шаруалар қатарында.

Семинар кеңесте ата кәсібіміз –қой шаруашылығын дамытудың ғылыми мүмкіндіктері мен ерекшелігі туралы да айтар әңгіме аз болған жоқ. Оған өз сөзінде  Қазақстан Республикасы «Қой шаруашылығы палаталары»  кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков толыққанды жауап берді.

Елімізде қой шаруашылығы  қашанда өзектілігін жоғалтқан емес. Оның етін сату, экспортқа шығару бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Осыған байланысты  «Агробизнес –2020»  атты  бағдарлама да қабылданғанын жақсы білеміз.  Міне, осыны басшылыққа ала отырып,  60 мың тоннадай етті экспорттау керек еді. Алайда, ол межеде ет дайындау оңайға соққан жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін мемлекеттен қомақты қаржы қаралып, сәл де болса ілгерілеушілік байқалды. Қазір сүт өнімі, ет өнімі көбеюуде. Бұдан басқа мал басын асылдандыру да дұрыс жолға қойылып келеді. Осылардың ішінде қой шаруашылығына да үкімет тарапынан қажетті қаражат қаралып жатыр. Осы қаражатты тиімді пайдалану үшін «Қой шаруашылығы палаталары» құрылды. Аталған палата төрт бағыт бойынша қылшық жүнді, жартылай қылшық жүнді, биязы жүнді, ұяң жүнді сияқты елімізде өсіріліп отырған қойларды көбейту, оларды мақсатты түрде етін, терісін пайдаға жарату сықылды бағыттарда тиісті палаталар жұмыстар атқару  үстінде.

Қазірде Қазақстанда 18 млн. жуық қой-ешкі бар. Оның 16 миллионы  қойдың үлесіне тиеді. Осы қойлардың 11 млн. ел қорасында бағып отыр. 734 мың ашатұяқ ірі шаруашылықтардың иелігінде. 5 млн. қой жеке шаруашылықтар мен фермерлердің қолында . Олар 300 бастан бастап, алты мың, жеті мың, он екі мың қойға дейін бағып отыр.

–Бұрындары Кеген мен Нарынқол аудандарында (қазіргі Райымбек ауданы) бір миллионға жуық қой болған. Ал қазіргі кезде саралап көретін болсақ Жамбыл облысында  бір шаруашылықта ғана 32 мың қой бар  екен еліміз бойынша. 22 мың қойы бар төрт-ақ  шаруашылық бар. Қалғандары 7-8 мыңнан он екі мыңға дейін ғана қой өсіріп отыр. Бұл әрине, өткен уақытпен салыстырғанда біршама төмен көрсеткіш, – деді Т.Досымбеков.

Қазақстандағы 16 млн. қойдың ішіндегі 18 пайызы биязы қойдың жүнінің үлесіне тиеді. 2 млн. 200 мың қой бар деп есептеледі. Соның бір миллион сегіз жүз мыңы Алматы облысында шоғырланған. Оның ішінде Жамбыл облысынан бастап, аяғы Алакөлге жететін басым бөлігі биязы жүнді қойлар. Есеп бойынша жеті мың тонна биязы жүн өндіріледі десек соның 5 миллионы, яғни 200 тоннадайы Алматы облысының үлесіне тиеді екен. Сондықтан айтып отырғанымыздай барлық мәселені осы Алматы облысына қарай шоғырландыру керек. Оның ішінде шалғайда жатқан аудандардың жағдайын жасауды қажет етеді. Биылғы өндіріп отырған ет 148 мың тоннаға жетті. Бұл сойыс салмағында. Ал тірі салмағында 300 мың тоннаны құрайды. Ал бұл ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз етуге  жетпей отыр. Оның сыртында  экспортқа бір миллион тонна қой етін сатуды көздеп отырмыз.  Оған арнайы үкімет тарапынан агро кешенді бағдарламалар жасалынып, жұмыстар істелініп жатыр. Оның ішінде қой шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Асыл тұқымды қойға да, тауарлы шаруашылықтарға да аналық бастарына селексиялық жұмыстар мың жарым теңгеге жүргізілетін. Қазір ол  екі жарым мың теңгеге жетті. Бұдан басқа сатылып жатқан қойдың етіне былтырғы жылдарға келетін болсақ мандып тұрған ештеңе жоқ. Мың жарым теңгенін төңірегінде болатын.  Биыл баға 3000 теңгеге жетіп отыр. Биязы қойдың жүніне 150 теңгеден субцидия бөлінеді. Биязылау жүндіге 100 теңге. Ал қойдың терісі көбінесе  ұмыт қалып, пайдаға аспай жатыр. Жалпы алатын болсақ қой шаруашылығы мәселесінде 95 пайызы еттің үлесіне тиеді. Оның терісі мен жүніне қарағанда оның еті  қай жағынан болса да алда тұр. Сондықтан жүнді өндіру, өңдеу, реттеу мәселелері  дұрыс жолға қойылу керек,  деген  Т.Досымбеков мал шаруашылығына қатысты бұдан басқа да өзекті мәселелерді қаузап кетті.

Семинарда картоп және көкөніс шаруашылығы жөнінде де кеңінен әңгіме  болды. Бұл туралы  Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев баяндама жасады.

Маманның  айтуынша кезінде елімізде  Нарынқолдың картобы республикада екінші нан ретінде саналатын. Қазір көрші Қырғыздың, Қытайдың, Голландияның, Пәкістанның картоптары базарды  басып алып, жергілікті жердің картобы нарықтан шығарылудың алдында ғана тұрғанын жасыра алмаймыз. Әрине, бұл жерде бір ғылымға, болмаса өтпелі кезеңге кінә артуға болмас. Дегенмен, сол картоп өнімділігін арттыру, оны жүйелі іске асыру жұмыстарына кірісетін  уақыт жетті.

– Біз негізінен 25 дақыл түрі бойынша жұмыс жасаймыз. Бізге қазір отандық картоп сұрыптарын  көбейту өзекті мәселе болып тұр. Өзімізде жергілікті картоп  тұқымының аздығынан, амалсыз шетелдерден  әсіресе, голландиядан картоп тұқымын әкелуге мәжбүрміз. Қазіргі уақытта тұқым шаруашылығын қолға алуымыз керек. Менің ойымша болашақта Райымбек ауданы оған да қол жеткізеді деп ойлайымын, – деді Т.Ерқасымұлы.

Расында да біздің аудан  картоп өндіруде модельдік шаруашылық құруға таптырмас жер. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу орталығының  жоспары да,  көздеген  мақсаты да осы. Заманауи аппараттар алып, зертханалар салып, картоптың сапасын арттыруға, тұқым түрін көбейтуге, соңғы үлгідегі қоймалар жасауға, картоп егілетін орындарда топырақ құнарлылығын анықтайтын мамандар дайындауда  жүйелі жоспарлар жоқ емес, бар. Тек іске асуы қажет. Сонда республикамызда картоп шаруашылығымен айналысатын шаруалар шетел емес, Райымбек ауданына ағылар еді. Мұнымен бірге  картоптың шағын түйнектерін өндіретін жылыжай жағдайында зертхана солу да тиімді болар еді. Тәжірибе көрсеткендей картоп түйнектері бір шыққанда бір жарым миллионға дейін өскін береді. Сол арқылы картоптың шығымын, тұқымның тазалығын сақтауға болады. Мұндай түйнектен шыққан картоп жоқ дегенде 6-7 жылға дейін жақсы өнім беруге жарайды. Тұқым шаруашылығын жандандыру жұмыстары  болашақта барлық картоп шаруашылығымен айналысатын өңірлерде іске асса, екі-үш жылдың ішінде жемісін жегізетіні анық.

– Екі ауданға малшы жетіспейді. Мен бұл әңгімені күнделікті көріп жүрген жұмыс барысымнан білемін. Малшы табыла қалған жерде жұмыс беруші мен жұмыс жасаушы адамның арасында еңбек кодексінің заңнамалары бұзылып жатады. Оған қарапайым мысал ретінде малшы қауымның көп жағдайда өз еңбекақысын шаруа қожалық иесінен ала алмай қалуы, болмаса кешіктіріп беруі сияқты мәселелер туындап отырады. Міне, осыдан келе мал шаруашылығына деген қызығушылық кеміп, көп жастарымыз қалаға кетіп жатыр, –деді өз сөзінде Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Байдан Әбішев.

Егін шаруашылығы ауданымыз үшін бөтен емес, бұл бағытта да алдағы уақытта үлкен қадамдар жасаланатын болады. Қазақ егіншілік және өсімдік шарушылығы ғылыми-зерттеу институтының диркторының орынбасары Тұрсалиев Шынболат дәл осындай ой айтып отыр. Егіс дақылдары оның ішінде арпа-бидай орны қашанда бөлек. Қазір біздің өңірде бар болғаны 8000 га бидай, сегіз мыңнан аса арпа, 42 мың гектар жемдік дақылдары  өсіріледі. Осы егіс дақылдардың оның ішінде арпа-бидайдың, жемдік дақылдарын қалай көбейту керек екенідігін, және олардың жаңа сорттарын қалай өндіру керек  сияқты сауалдар бүгінде, кешеде толастаған емес. Осы бағытта институт ғалымдары арпаның, бидайдың жаңа сұрыптарын  шығарып, өндіріске еңгізіп жатыр. Бұдан басқа көптеген элиталық тұқым шаруашылықтарымен айналысатын мекемелер аталған институттан таза тұқым түрін сатып алып, тауарлық шаруашылықта өздеріне пайдаланып келеді.

– Біз шаруашылық мекемелермен бірігіп, 50 пайыздық үлеспен өзіміздің болашағы зор дәнді-дақыл сорттарын көбейтіп жатырмыз. Яғни, біз тұқымды 10 гектарға дейін тегін беру арқылы оның жартысын ғана өзімізге қайтарып аламыз. Бұл екі жаққа да тиімді болады. Сонымен қатар таулы аймақтардағы ағайындар жергілікті жерлердегі өзендерді егістіктерге оңтайлы пайдалана алмай келеді. Біз осы мәселені шешпек оймен егіншілік зертханаларында көп жұмыстар атқарып жатырмыз, –дейді өз сөзінде.

Тау өзендерінің потенциялдық энергиясын пайдаланып, соя, жүгері, қант қызылшасы, сонымен бірге бидай дақылдарына тамшылатып суару жолдарын  пайдалануды институт ұсынады. Бұл жерде ешқандай энергияның қажеті болмайды. Себебі бір атмосферадан 3-4 атмосфераға жететін  суды трубалармен жұмсақ шлангалар арқылы айдап шығарып, қосымша қажетті құрылғыларды қолдана  отырып, 40 га дейінгі алқаптарды суаруға мүмкіндік қарастырады. Сонымен бірге ауыл шарушылығының баскөз болуымен Қаскелең агропаркі жұмыс жасап келеді. Бұл жерде кез-келген фермерлерге тамшылатып суару техникасымен таныстыруға толық мүмкіндік бар. Алдағы уақыттарда арнайы белгіленген график бойынша облыстағы егіс дақылдарымен айналысатын  барлық аудандар келіп, қажетті құралдарымен танысып, үйренулеріне жағдай жасалған.

Семинарда Қазақ ауыл шаруашылығын электірлендіру және механизациялау ғылыми-зерттеу институтының лоборатория меңгерушісі Рашид Омаров сөз алып, ғылым мен ауыл шаруашылығының инттелектуалдық потенциалдығын  қалай қалыптастырамыз деген ой айтты.  Ғалым өз сөзінде  ғалымдар  жүйелі жұмыс жасауға, ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруға алдымен қаражат керек екенін алға тартты. Бұл бағытта оңтайлы шешімдер жасалып, алдағы күндерде қаражат қаралатын болды. Содан кейін шалғай жатқан аудандарға ауыл шаруашылығындағы кездесетін кез-келген проблемаларды  ғылыми тұрғыда шешуге қуана қолдау танытуға аталған мекеменің мүмкіндігі арта түспек.

Семинар аяғында Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Төлеубайұлы  облыс әкімі Амандық Баталовтың Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарын аталған төрт аудандағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандарға, фермерлерге, шаруа қожалығының  басшыларына, бизнес саласын көркейтіп отырған  бірқатар азаматтарға, ауыл әкімдеріне табыс етті. Оның ішінде Ә.Нүсіпқожаев, Ө.Тоқанұлы, М.Әшімбаев, А.Жексенбиев, М.Манапұлы, Б.Иембердіұлы , Б.Нұрғалиұлы, А.Қаптағаев сынды аудан азаматтары бар.

 Серікжан Мурасилов,

Қарасаз ауылы.

Закрыть меню