Официальный сайт акимата Райымбекского района Алматинской области

  • Сенім телефоны
  • 8 (72779) 220-06
  • Телефон доверия
МЕНЮМЕНЮ
ҚАРИЯЛАР САРҚЫЛМАС ДАРИЯЛАР

ҚАРИЯЛАР САРҚЫЛМАС ДАРИЯЛАР

Бас Ассамблея 1990 жылы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп қабылдаған болатын. Міне, содан бері бұл мереке біздің елде дәстүрлі түрде аталып келеді.
Осыған орай 1-ші қазан күні аудан орталығындағы мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күні мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Селолық округтерден шақырылған өмірін өнеге тұтатын кеудесі қазынаға толы қарттарымыз бір шаңырақ астында бас қосып, мерекеде мерейлері өсіп, көңілдері шалқып қалды. Мәре-сәре күй кешкен ақсақалды аталарымыз бен ақ бұрымды аналарымызға сансыз қошемет көрсетіліп, құттықтаулар айтылып жатты. Сондай жүрек жарды құттықтауын алдымен аудан әкімі Жолан Омаров бірінші болып өзі жеткізді.
– Сіздердің ауданымызға қосқан елеулі еңбектеріңіз үлкен екенін айтқым келеді. Даналық ақыл-кеңестеріңізбен бүгінде жастарымыз сусындап өсіп жатыр. Биылғы жыл біз үшін қуанышқа толы ерекше жыл. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған сарабдал саясатының нәтижесінде 21 жылдан кейін қайнары бұзылмаған, киелі елі бар, таулы өлкемізге аудан орталығы мәртебесі қайта оралды. Осының бәрі ақсақалды аталарымыздың ақ батасы мен ақ жаулықты аналарымыздың ақ жарма тілеуі деп білемін, – деді аудан басшысы.
Бүгінгі шараға аудандағы Ұлы Отан соғысы жылдарында, қайта өрлеу кезеңдерінде ерлікпен еңбектің үлгісін көрсеткен қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз, жүз жасаған ғасыр куәгерлері қатысып отырды.
Жыл жылжып, күн өткен сайын құрметі арта түскен қазыналы қарттарымызды қалай ардақтасақ та жарасады. Соның үлгісі ретінде ауданымызды дамытуға ат салысып, ерен еңбегімен үлес қоса отырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы елеулі еңбектері үшін Абай Садыров, Жұмақыз Нұрбаева, Нұрқан Арғынұлы, Жақсылық Байсеркеев, Тәлімхан Тәліпова, Әбділда Бапиев, Смайыл Шыныбеков, Нұрқасымбек Сімтікұлы, Виктор Буханцов, Айнашхан Алжанбаева, Жұмағали Сазабеков, Ұлжекен Нүсіпжанова, Әшір Ахметов сынды қарттарымыз сахна төріне көтеріліп, қошемет-құрметке бөленді.
Өз кезегінде аты аталған-аталмаған басқа да қарттарымызға лебізін арнай келген аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, ғұмырында, еңбекпен есейген, көргені көп, түйгені мол, әрі ақылшы, әрі отбасының алтын қазығына айналған аналарымыз бен әкелерімізге шынайы құттықтауын арнады.
Аудандық ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев аудандық ақсақалдардың, ардагерлер кеңесімен мен облыстық мәслихаттың депутаттары атынан құттықтауын жолдады.
– Баталы қариялары бар елдің ұрпақтары ұлағатты болмақ. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей алдыңғы аға буын қарттарымыз ұлттық тәрбиені өскелең ұрпақтың санасына сіңірсе салиқалы ұрпақ жалғасын таппақ. Олай болса жүрегі кең, кеудесі қазынаға толы даналықтың иесі Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді өз сөзінде.
Таудай тілектерге жүздері жайнап, қошемет құшағында балқып отырған қарттарымызға аудан өнерпаздары әуелеген әндерін арнап, көңілдерін көкке көтерді.
Салтанатты шарадан кейін мереке қонақтары аудандық жұмыспен қамту орталығының әзірлеген дастарханынан дәм татты. Өздерін құрмет құшағына қысып, ардақтап жатқан жандарға алдымен ақ батасын берген Сансызбай қария, қарттар атынан алғысын білдірді. Ақ тілек айтылып, ән тыңдалып, жүрекжарды лебіздер жолданған бұл күнді есте сақтау үшін естелік суреттерге түсті.
С.Мурасилов,
Нарынқол ауылы.

Закрыть меню