Официальный сайт акимата Райымбекского района Алматинской области

  • Сенім телефоны
  • 8 (72779) 220-06
  • Телефон доверия
МЕНЮМЕНЮ
Қос ауылдағы қуаныш

Қос ауылдағы қуаныш

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» атты мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын.

Міне, бүгін осы міндеттерді орындау мақсатында Талас, Шәлкөде ауылдарында ауылдың белсенді жастарының атсалысуымен жаңғырудың игі істері қолға алынуда. «Туған жерге туыңды тік» демекші ауыл жастары 2014 жылдан бастап ауылдарын көркейту мақсатында білек сыбана жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері ел ішіндегі біршама ішкі жұмыстар ретке келіп, ел алғысына бөленіп жатыр десек артық айтпаған болар едік.

Тәуелсіздігіміздің қарсаңында есігін айқара ашқан қос спорт зал ауыл азаматтарының өз қолдарымен, өз қаражаттарымен бой көтерді.

  • «Ауылымызда салынған айтулы кешен өткен ғасырдың 80 –жылдарында салынған мектептің жылу қазандығы орналасқан от жағу бөлмесі болған. Заман талабымен жылту қазандығы электрлік жүйеге көшкеннен кейін ғимарат бос қалған еді. Талай жыл ажары кетіп, бос тұрған ғимаратты спорт кешеніне айналдыру жоспары 2017 жылы көтерілді. Сол уақыттан бастап ауылымыздағы 1978-1998 жылдар аралығында туылған ауыл азаматтары жиналып кеңесіп, қаржы жинап, жұмыла іске кірісіп кеттік. Нәтиежесінде ауылымызда осындай әдемі, ел игілігін жүзеге асыратын спорт зал бой көтерді. Барлық ауылдастарыма, қолдау білдіріп, көмек қолын созған бауырларыма алғысым шексіз» – деп Талас ауылының азаматы Құман Қуанышұлы жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жаңадан салынған Райымбек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі филиалының еңселі, заманауи спорт ғимараты салтанатты түрде ашылды. Қос дүниені де игілікке ұсынған екі ауылдың жастары – елім-жұртым деген азаматтары. Ел-жұртты, спорт сүйер жастарды аудан әкімі Жолан Омаров, Алматы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы, Бейжің олимпиядасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық маслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев сынды ел алдында жүрген азаматтар құттықтап, қос ауылдан болашақ чемпиондардың көптеп шығуына тілектестіктерін білдірді.

Сондай -ақ, аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен қос ауылда еркін күрестен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаз спортшылар грамоталармен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жаңа салынған спорт кешенінде дзюдо, күрес алаңы, бокс жаттығу бұрышы, жуынатын бөлме, киім шешетін бөлмеге дейін жаңа заман талабына сай етіп салынып, жабдықталған. Өскелең ұрпақтың спортпен айналысуына жағдай жасап берген жастарға ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші қос ауылдың азаматтары бірігіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында осындай игі істерді атқарып жаста, оны көріп өскең ұрпақтың тәрбиесіз болуы мүмкін емес.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан аядай қос ауылда алдағы уақытта да осындай жағымды жаңалықтар көп болғай!

Талас – Шалкөде ауылдары

 

Закрыть меню